«Күншуақ» ерте жас тобының тәрбиешісі:Джуматаева С.Қ
Ерте жас топтарына арналған дидактиклық ойындар.
1.Қуыршақтарға өз ойыншықтарын табуға көмектес
Дидактикалық тапсырма: бір түске ие заттарды топтастыру және әр түсті заттарды түсі бойынша салыстыру.
Керекті құрал-жабдықтар: сегіз түрлі көйлектерді киген сегіз қуыршақ, сегіз түске боялған саңырауқұлақтар мен таяқшалар.
Басшылық: тәрбиеші әр түсті көйлектер киілген сегіз түсті қуыршақтарды кезек бойынша балаларға көрсетеді, баламен кезекті қуыршақты қарау барысында тәрбиеші оның көйлегінің әдемілігіне назар аударады. Қуыршақтар тәрбиешінің үстелінде қатарға тұрғызылады. Ақ және қара көйлек киілген қуыршақтар екі жақ шетте орналасады.
Кейін тәрбиеші әр қуыршақтың өз ойыншығы: саңырауқұлақтар мен таяқшалары бар екендігін, алайда олардың шатасып кеткендігін айтады, балаға қуыршақтарға ойыншықтарын тауып беруге көмектесуді тапсырады.
Тәрбиеші әр баланың үстеліне бір қуыршақтан қойып, қуыршақтың көйлегіне сай түске боялған саңырауқұлақтарды таңдауды ұсынады.Бір үстелде отырған балалар жалпы материалдардан қажетті саңырауқұлақтарды таңдайды.
Барлық балалар әр қуыршақтың қасына сай келетін саңырауқұлақтарды қойғаннан кейін, тәрбиеші жалпы материалдардан таяқшаларды таңдауды ұсынады.
Ойын барысында тәрбиеші балалардың тәрбиесін реттеп, оларға асықпай, ойыншықтарға назар сала қарап, кейін оларды қажетті қуыршақтардың қасына қою керегін ескертеді. Ойын соңында тәрбиеші балаларға барлық қуыршақтарды, әрқайсысының өз орны бар екенін ескере отырып, қастарына үстел үстіне қоюды тапсырады. Түстерін атамай, тәрбиеші балаларды кезек бойынша қуыршақтарды әкеліп беруді ұсынады. Әр қуыршақ түсі бойынша орналасқан кезде тәрбиеші қуыршақтарға сай саңырауқұлақтарды, кейіннен таяқшаларды әкеліп беруді тапсырады.
Аталған ойын 10-12 минутқа созылады,екі рет қайталанады.
2. Шырша және саңырауқұлақ
Дидактикалық тапсырма: заттарды түсі бойынша реттеуді үйрету. Сөйлесу қабілетін арттыру.
Құрал-жабдық: жасыл және қызыл түске боялған қораптар, аюдың бас киімі.
Басшылық: тәрбиеші балаларға қызыл түсті қораптарды көрсетеді, шыршаның жасыл түсі болғандығын түсіндіріп, тақтаға шыршаларды орналастырады. Қызыл қорапты көрсетіп, осындай түсте саңырауқұлақтардың болатындығын айтады және тақтаға орналастырады. Кейін балалар үстелде өз бетінше шыршалар мен саңырауқұлақтарды орналастыра бастайды. Балаға аталған тапсырманы орындау қиындыққа түссе, тәрбиеші оған шырша және саңырауқұлақтарды ретімен айта отырып, көмектеседі.
Балалар шырша мен саңырауқұлақтарды ретімен орналастырып болған соң, тәрбиеші олардың қалаған тапсырманы жақсы орындағанын айтып, оларды мақтайды. Ал орманда кім өмір сүреді?
Аю! Балаларды ортаға шақырады, ал аю ортада тұрады.
Аю ортада тұрып секіреді, балалар қол соғады.
3. Ол не?
Мақсаты. Балаларға заттардың бір-бірінен үлкен-кішілігін анықтай білуді үйрету.
Керекті материалдар. Балалардың санына есептеліп, бөлшектелген ағаш матрешкалар.
Матрешканың бөлшектеу және құрастыру, кіші матрешканы үлкен матрешканың ішіне салу, матрешканың жоғарғы және төменгі жартысын үлкен-кішілігі және өрнектері бойынша салыстыру. Ойынның мазмұны. Тәрбиеші балаларға мынадай жұмбақ айтады:
Бойы әр түрлі, жұмбағымды тыңдашы,
Өзара ұқсас жүзі менен сымбатты.
Бір-біріне сыйып кеткен көрінбей,
Жиналғанда бір ойыншық сияқты.
Ойынды қайталап өткізгенде балалардың ынтасын туғызу үшін матрешка туралы кітаптарды көрсетуге болады. Осыдан кейін матрешканы бөлшектеп, оның жоғарғы және төменгі бөлігіне балалардың назарын аударады, оларды салыстырады, соңынан қайтадан құрастырады. Тәрбиеші матрешкалардың ең үлкенінен кішісіне қарай орналасу тәртібін көрсетеді. Балалар бір матрешканы екіншісінің ішіне салып, оның қайсысы үлкен екенің анықтайды. Егер бала матрешканың өз бөліктерін үлкен-кішілігі бойынша тауып, оларды бойларына қарай қоя білсе, тапсырма дұрыс орындалған болып есептеледі. Ойын бір- екі рет қайталанады. Матрешканы бөлшектеп құрастыруда қателеспеген бала жеңімпаз аталады.
4. Шарлар
Балаларда түс туралы түсінік қалыптастыруда жағдай жасау. Заттардың әртекті түстің арақатынастарын белгілеуге үйрету. Жаттығулар балалардың бастапқы жеті спектрлар түстімен танысуларына бағытталған.
Қажетті материалдар. 30х12см өлшеміндегі жеті спектр түс жіпшелері салынған картон жолақшасы. Жеті әр түрлі түсті картон дөңгелектер- шарлар, олардың түстері жіпшелердегі түстермен сәйкес келеді. Тәрбиеші балаларға әртүрлі түсті жіпшелер салынған картон жолақшасын көрсетеді. Шарларды көрсете отырып, бүгін шарлармен ойнайтындарын ескертеді. «Қазір әр қайсымыздың алдымызда картон жолақшалар жатыр. Мұқият қарап , одан не көріп отырғандарыңды айтыңдаршы. Иә, әр түсті жіпшелер. Енді шарларымызға қарайық, олардағы жіпшелер сияқты әр түрлі түсті екен. Әрбір шарға картонда өз жіпшелері бар. Әр жіпшеге өзіне түстес шарды таңдап алып байлап қоямыз. Қызыл жіпшеге қызыл шарды, сары жіпке сары шарды, көк жіпке көк шарды, сөйтіп барлық жіпшелерге өз шарларын байлаймыз. Міне, оны былай жасаймыз» деп өзі көрсетіп, олардың дұрыс орналасқандығын айтады. Содан кейін дұрыс байланбаған шарларды көрсетеді: жасыл жіпке сары шарды, қызыл жіпке тоқ сары шарды, көгілдір жіпке күлгін шарды байлап көрсетіп олардың қате байланғандығын айтады.
Содан кейін балалар бұл тапсырманы өз беттерімен орындайды. Шарларды таңдауда қиналған балалардың қасына келіп, тәрбиеші алдымен екі жұп шарды байлап көрсетеді де, қалған шарларды баланың өзінің байлауын талап етеді.
4. Таныс пішіндер доминосы
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; көп заттың ішінен біреуін таңдауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: пішіндер бейнеленген суреттер.
Ойынның мазмұны: Балаларға суреттерді таратып беру. Тәрбиеші:бірінші суретті үстелдің ортасына қояды, қалған балалар сурет сәйкес өзінің суретін қояды, суретте бейнеленген пішінді атайды. Ойын осылай жалғаса береді.
5. Өз үйіңді тап»
Ойынның мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; қабылдауын дамыту; ойынның ережесін сақтауға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: түрлі-түсті дөңгелектер.
Ойынның мазмұны: Балаларға түрлі-тісті дөңгелектер тарату, түсін атау. Үйлерін көрсету. Белгі бойынша балалар дөңгелектерінің түсі бойынша үлкен шеңберлерге тұра қалады.
6. Қандай пішін жетіспейді?
Мақсаты: Геометриялық пішіндерді атай білуге үйрету. Қай пішін жетіспейтінін тапқызу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер. (Қораптан алу)
Барысы: Тақтаға геометриялық пішіндер қойылады. Балаларға көздеріңді жұмыңдар деп, бір пішінді алып қояды. Балалар қай пішін жетіспейтінін табады.
7. Қолымда не бар?
Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, жуан-жіңішке , үлкен-кіші, оң-сол жайлы білімдерін бекіту. Түйсіну сезімдерін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұсақ тастар, жаңғақтар.
Ойынның мазмұны: Баланың қолына үлкендігі әртүрлі заттарды ұстату. Мысалы, үлкен және кіші тастар. Бала қолына қарамастан, сипап-сезу арқылы үлкен-кіші заттың оң және сол қолында екенін анықтайды. Қалған балалар оның жауабынын дұрыстығын тексереді. Жуан-жіңішке, ұзын-қысқа өлшемдері бойынша жұмыс осылайша жүргізіледі.
8. Қуыршақ қонаққа дайындалуда
Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, жуан-жіңішке, ұзындығы бірдей деген өлшемдерді салыстыруға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзындығы, жуандығы, түсі әртүрлі ленталар.
Ойынның мазмұны: Қуыршақ қонаққа барады, киімін киюге, шашына бантик таңдауға көмектесуді ұсыну. Көп бантиктердің арасынан ұзындығы бірдей екі бантикті табу керек. Әдемі бантиктермен қуыршақтың шашын әсемдеу.
9. Қай қолымда көп
Ойынның мақсаты: аз және көп заттарды ажиратуға, салыстыруға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: әртүрлі ұсақ заттар–моншақтар, түймелер
Ойынның мазмұны: ортаға бір баланы шақырып, оң және сол қолына көп және аз заттарды ұстатады. Бала алдымен көз мөлшерімен қай қолда зат көп, қай қолында аз зат бар екенін анықтайы. Одан кейін заттарды қатарымен қойып, қай қатарда көп, қай қатарда аз зат тұрғанын салыстырады.
10. Ойыншықты тап
Мақсаты: Кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.
Көрнекілік: Топтағы ойыншық.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші ойыншықты тығып қойып, бір баланы тақтаға шақырады. Тәрбиеші нұсқауымен, мысалы: 1 адым алдыға оңға бұрыл, 2 адым алдыға тура жүр деп ойыншыққа дейінгі жолды айтып отырады. Бала айтылған нұсқаумен дұрыс жүріп отырса, ойыншықты табады.
11. Вагондарға дөңгелек таңдау
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, қасиеттерін білуге жаттықтыру, ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: қағазға салынған вагондар, әртүрлі геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар вагондарға лайық дөңгелектерді әртүрлі пішіндердің ішінен табады.
12. мынау ақ қоян...
Алаңның бір жағында қояндардың орны белгіленді. Әр бала өз орнына тұрады. Тәрбиешінің: «Қоршауға жүгіріңдер» деген сигналы бойынша барлық балалар дөңгеленіп тұрады, ал қоянның біреуі ортаға шығады.
Балалар тәрбиешімен бірге тақпақ оқиды да текстің мазмұнына қарай қимыл жасайды.
1. Отыр аппақ, бір қоян.
Неткен сап-сақ бұл қоян.
Құлақтары делеңдеп,
Әр дыбысқа елеңдеп.
Балалар дөңгеленіп тұрады. «Құлақтары делеңдеп» деген сөз тіркесінен бастап ойын аяғына дейін балалар қолдарын жоғары көтеріп білезіктерінен бастап қимылдатады.
2. Қоян, жаурап суықта
Отырсың не күзетіп?
Аяқтарын сіресіп,
Табаныңнан сыз өтіп.
Оданда ырғып, ырғып ал,
Аяқтарын жылынар. Балалар «ырғып» деген сөзден бастап, аяғына дейін бір орында екі аяқтап секіреді.
3. Тұра, тұра суықта,
Қоян жаурап, торықты.
Алайын деп жылынып,
Әрлі-берлі жорытты. Балалар «әрлі-берлі жорытты» деген сөз тіркесінен бастап ойынның аяғына дейін бір орында тұрып, екі аяқтап секіреді.
4. Секең-секең, секең-секең,
Секіріп жылынады қоян-екең.
Үркітті де бір ноян,
Зытып берді сұр қоян. Тәрбиеші алақанын шапалақтайды, балалар өз үйіне тарайды.
Бұдан кейін ойын жаңа қоянмен қайта басталады.
Ойын басталғанға дейін тәрбиеші балалармен бірге қояндарға орын әзірлейді. Қыста алаңдағы қардың үстіне бояумен жақсылап қоршау сызуға болады: бөлмеде қояндар үшін орын (орындықтар) болады.
13. Сұр қоян жуынып жатыр...
Ойнаушылар біреуі қоян болады. Барлық қалған балалар дөңгеленіп тұрады. Қоян дөңгелектің ортасынан орын алады. Балалар тәрбиешімен бірге мынадай өлең айтады:
Бармақ боп тойға сұр көжек,
Жуынып жатыр бүгжеңдеп:
Тұмсығын жуды,
Құйрығын жуды,
Құлағын жуды – түртінді,
Құп-құрғақ боп сүртінді.
Қоян текстке байланысты қимылдардың бәрін жасайды – тұмсығын, құйрығын, құлағын жуады, бәрін сүртеді. Бұдан кейін ол қос аяқтап секіреді, дөңгеленіп тұрғандардың біреуіне жақындай береді (қонаққа келе жатыр). Ол баланың орнын басады, ойын қайталанады.
5-6 қоян ауысқаннан кейін ойын аяқталады.
14. Негізгі қимыл – лақтыру (лақтыру, ұстау).
Шарларды домалату.
Тәрбиеші балаларға бір топ түрлі түсті шаралар көрсетеді, балаларға тек көруге ғана емес, тіпті ұстауға да мүмкіндік беріледі, олардың түр-түсін айтуды сұрайды. Бұдан кейін тәрбиеші шарды қалай домалатуды көрсетеді, одан соң балаларды біртіндеп шақырып, бір-екі шарды домалатуды ұсынады. Шарды домалатып бара жатқан бала өзі соның артынан жүгіреді және шарды кәрзеңкеге немесе жәшікке салады.
Ойын қайталанған кезде тәрбиеші балалардың шардың түсіне қалай назар аударатынын байқап алады. Мысалы, өзі қызыл шарды домалатады да балаға да сондай шар ұсынады. Немесе бірінен кейін бірін 2-3 шарды домалатуда тапсырма береді де (қызыл, жасыл), әр жолы түсін айтады. Тапсырманы әр жағдайға қарай өзгертіп тұруға болады.
15. Сылдырауықты сылдырат
(сылдырауыққа дейін еңбектеп жет).
Балалар орындыққа отырады; олардан 2,5-3 м жерде сылдырауық жатыр. Тәрбиеші балаларды кезекпе-кезек атап, сылдырауықпен ойнауды ұсынады. ол үшін сылдырауыққа еңбектеп барып, оны алады, орнынан тұрады, сылдыратады қайтадан орнына қояды, сөйтіп, өз орнына келеді.
Балалар еңбектеуді үйренген кезде 3-4 сылдырауық қою ұсынылады, сонда қанша сылдырауық болса, сонша бала ойнай алады.
16. Маймылдар.
Ойында гимнастикалық қабырға немесе (учаскеде) үш қырлы кішкене дуал пайдаланады.
Тәрбиеші бүгін балалар маймылдарша өрмелеуге үйренетінін айтады да екі-үш балаға сатының қарсы алдында тұруды, сөйтіп, бірнеше баспалдаққа көтерілуді ұсынады. Балалар 5-6 баспалдақ көтерілгенде тәрбиеші: «Міне, көрдіңдер ме, маймылдар қалай ағашқа өрмелеп кетті! Ал енді қайтадан төмен түсіңдер», - дейді.
Балалар жоғары қарай өрмелеп және төмен қарай түскенде әрбір баспалдақты басуын міндетті түрде қадағалау керек.
17. Әр түрлі қимылды ойындар.
Дөңгелекті ұста.
Тәрбиеші балаларға жіптің көмегімен ұзындығы 0,5 м таяққа ілінген жарқыраған дөңгелекті көрсетеді.
4-6 баладан топ жиналған кезде тәрбиеші дөңгелекті көтеріп, балалардың басынан жоғары айналдырып әкеледі де: «Ұста», «ұста», - дейді. Балалар дөңгелекке тырмысады. Дөңгелекке жетуге онша құмартпай тұрған балаларға тәрбиеші дөңгелекті, олардың қолы тиюіне мүмкіндік беріп, таяқты сөл төмендетеді де, балалардың белсенділігін арттыру үшін, қайтадан тез көтере қояды.
Дөңгелекті балалар төбесінен осылай 2-3 рет айналдырғаннан кейін тәрбиеші кімнің қолы жеткенін атап өтеді де олардың әрқайсысына бір-бір дөңгелектен береді. Бірте-бірте балалардың барлығы бір-бір дөңгелектен алады. Тәрбиеші дөңгелекті машинаның рулі ретінде ұстап, енді «шофер» болып ойнауды – бөлмеде жүгіруді ұсынады.
18. Кішкентай және үлкен аяқтар.
Балалар орындыққа жартылай дөңгелене отырады. Тәрбиеші оларға қарама-қарсы отырып, балаларға аяқтарын көрсетуді сұрайды. Балалар аяқтарын алға созып, көтереді. Тәрбиеші көңілді түрде былай дейді: «Кішкентай аяқтар жолмен жүгіріп кетті. Қараңдар олардың қалай жүгіргенін». Осыны айтады да аяғымен бірнеше рет тез-тез жер тепкілеп: «тымпыл, тымпыл, тымпыл!» - дейді. Балаларда соны істейді. Одан кейін тәрбиеші қимылын баяулатып былай дейді: «Үлкен аяқтар жолда тымпыл-тымпыл жүріп бара жатыр».
Тәрбиеші алдымен кішкентай аяқтар, одан кейін үлкен аяқтар жөніндегі тексті осылайша бірнеше рет айтады. Балалар оның артынан тез және баяу қимылдарды алмастыра қайталайды.
19. Кішкене қоян, шыға ғой...
Бір топ бала тәрбиешімен бірге дөңгелене тұра қалады. Тәрбиеші кім кішкене қоян болады деп сұрайды. Бәрі айналып жүріп мынадай өлең айтады.
Жүр, көжегім, шыға ғой,
Сұр көжегім, шыға ғой!
Айтқанымды ұға ғой.
Міне, былай шыға ғой!
Кішкене деп атаған бала ортаға шығады. Өлеңнің ендігі шумағын айтып болғаннан кейін, барлық ойнаушылар, қоянға не істеу қажеттігін көрсеткендей, тиісті қимылдар жасайды. Ол да балалардың істеген қимылдарын қайталайды.
Жүр, көжегім, тап-тап бас!
Сұр көжегім, баптап бас!
Міне былай тап-тап бас!
Міне былай нақ-нақ бас!
Жүр, көжегім, билей ғой,
Сұр көжегім, билей ғой!
Міне былай билеп көр,
Міне былай билеп бер.
Жүр, көжегім жүгірші,
Сұр көжегім, жүгірші.
Міне былай бір ыршы,
Міне былай жүгірші. Жүр, көжегім, таңдап ал,
Сұр көжегім, аңдап ал!
Міне былай таңдап ал,
Дәнеңе жоқ таңданар!
Бұл сөздерден кейін кішкене қоян балалардың біреуіне жақындайды. Қалғандары орындарында тұрып өлең айтады.
Жүр, көдегім, тәжім ет,
Сұр көжегім тәжім ет!
Ұқпа мұны әзіл деп
Міне былай тәжім ет!
Ол кімге иіліп сәлем берсе, сол жаңадан кішкене қоян болады, ойын қайтадан басынан басталады.
Ескерту. Өлеңнің әп шумағынан кейін, қимылдың бағытын өзгертіп отыру керек.
20. Қолдың буындары мен саусақтары бұлшық еттерін жетілдіруге арналған ойындар
Саңырауқұлақтар
Ойын үшін балаларға тесіктері бар кішкентай стол мен түрлі түсті саңырауқұлақтар береді. Ойынның басында тәрбиешіні балаларға саңырауқұлақтарды столдың тесігіне қалай тығуды көрсетеді. Балалар мұны жақсы меңгергеннен кейін тәрбиеші балалардың назарын саңырауқұлақтардың түр-түсіне аударады да тапсырманы қиындатады: саңырауқұлақтарды сол түспен дөңгелектеліп көрсетілген тесіктерге тығу керек дейді.
Ойынның варианты
Ойын үшін балаларға үсті төртке бөлініп, негізгі төрт бояумен боялған кішкентай стол беріледі. Мұндай жағдайда балалар саңырауқұлақтарды столдың тиісті түсі бар жағында орналасқан тесікке тығуы керек. Балалар бір-біріне үйреніп, бірге ойнауға дағдыланған кезде екіден төрт адамға дейін біріктіруге болады. Тәрбиеші бұл ойынға балалардың майда бұлшық еттері мен саусақтарының қимылдарын жетілдіру мақсатымен, бірте-бірте балаларды тартады. Барлық балалар ойынның ережесін әбден игергеннен кейін, оны емін-еркін пайдалануға береді.
21. Мұнара жасайық.
Мұнарамен (шығыршықтармен, шариктермен) ойынға тәрбиеші бір мезгілде 5-6 баланы қатыстырады. Бұл балаларға уақытылы көмек көрсету үшін жасалады.
Алғашқыда ойынның мәні мынада: балалар шығыршық пен шарларды алады да білекке (стержень) кигізеді: мұны істеу өте қиын, майда бұлшық еттердің қатты жұмыс істеуіне тура келеді және табандылық керек. Балалар шығыршықты білекке кигізу процесін үйренгенде тәрбиеші олардың назарын құрастырылған мұнараның формасына аударады да («Ол түп түзу») әр жолы ең үлкен шығыршықтарды таңдай отырып, осындай мұнараны қалай жасау керек екенін көрсетеді.
Одан әрі ойынды әртүрлі етіп құруға болады: мысалы; мұнараны бір размерлі шығыршықтардан құрастыруға («Бағандар жасаймыз») тапсырма беріледі немесе білекке бір түсті шарлар немесе белгілі бір сан мөлшерінде тізбектеледі.
22. Моншақ
Бұл ойын үшін балаларға жақсы есілген жіп және әр түсті шариктер, ағаштан, пластмассадан жасалған тесіктері бар цилиндр беріледі. Балаларға сол формаларды жіпке тізіп, ұзын моншақ жасау ұсынылады. Балалар бұл қимыл әдісті меңгергеннен кейін, бір жіпке екі бала бірігіп тізуге болады деген ұсыныс жасалады (екі жағынан). Тек балаларға тізу кезінде моншақтарды формасы және түр-түсіне қарай алмастырып отыру ұсынылады.
24.Қуыр-қуыр қуырмаш.
Оң қолдың бес саусағын бір жерге түйістіреді де,сол қолымен оны бүрмелеп қапсыра ұстайды.Содан соң екінші балаға:
-ортанғы саусағымды тапшы,-дейді.Екінші балаға қарап байқап отырады да,міне,-деп бір саусақтың басынан шымшып ұстап тұрады.Егер екінші бала жасырушының ортанғы саусағын дәл тапса,ұпайды бірінші бала тартады.Ұтқан бала ұпай алу үшін мына ережелермен сөздерді жақсы білуі керек.
1. Бас бармақтан бастап шынаққа дейін саусақтардың атын бір түгел атап бередуі.:басбармақ,балан үйрек,ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек.Бес саусағын түгел жұмады.Тағы да бас бармағыннан бастап,былай деп 5 с аусақты түгел жазады.
Сен тұр қойыңа бар.
Сен тұр түйеңе бар
Сен тұр жылқыңа бар
Сен тұр сиырыңа бар
Сен кішкентай әлі жас екенсің
Қазанның қаспағын қырып же де,жыламай отыра тұр.
Енді осы шынашақтың өзі алақан шұңқырына бүгіп тұқырта ұстайды да:
Қуыр-қуыр ,қуырмаш
Балапанға бидай шаш
Әжең келсе есік аш
Қасқыр келсе мықтап бас
Шынашақты шыр айналдырып,баланың алақанын қытықтайды.Осыларды істеп бола беріп:
-мына жерде қой бар
Мына жерде жылқы бар
Мына жерде жылқы бар
Мына жерде түлкі бар - деп баланың білегінен қолтығына дейін түртіп ең соңында мына жерде күлкі бар –деп сәл ғана қытық-қытық! Қытықтайды