Тақырыбы: Ұлттық ойынның маңызы
«Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген.
Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды ойластырып, дамытып отырған»
Мектеп жасына дейінгі жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін фактордың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халықтың ұлттық ойындары. Ата – бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, баланың көзқарасы, мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған.Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділікпен тапқырлықтарын дамытады. Ойын арқылы балалар қоғамды тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойнау процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баланың жан – жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негізі болып табылады. Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері өте көп. Солардың қай – қайсысы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған. Сондай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, дененің шынығуын қажет етеді. «Орамал ілу», «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты – ұшты», т.б. ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірибесін кеңейту, ептілік қабілеттерін жетілдіруге өз әсерін тигізеді.Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Ұлттық ойындар арқылы өз халқының тарихын, жерін, даму сатысын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, қонақ жайлылығын айқындап көруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып, яғни адамгершілік қасиеттері де қалыптастырылады. Басқа ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындар тәртібін бұлжытпай орындауы баланың ойын барысында тәртіп сақтауы, баланы осы кезден бастап тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа баулиды, адал, қайырымды, өжет болуға тәрбиелейді.Ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі тәлім-тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет ғұрпымызды, салт- дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлеуді балаға сәби кезінен қалыптастырған жөн.
Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Қайсыбір ғалымдар қазақ халқының ұлттық ойындары түрінің жүзден асып жығылатынын айтады. Тағы бір ерекшелігі, ұлттық ойындардың, әсіресе, балаларға арналған түрлері әдетте өлеңмен «өрнектеліп» те отырған. Демек, халқымыз ұлттық ойындар арқылы жас жеткіншектерді өмір сүруге дағдыландырып, қиындықа төзе білуге, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды басты мақсат еткен. Мысалы, «Аламан бәйге», «Аударыспақ», «Арқан тарту» ойындары адамды төзімділікке үйретуге, ерік-жігерді игере білуге, білек күшін дамытуға бағытталған. Ұлттық ойындардың тағы бір ерекшелігі, әр ойын жас ұрпақты салиқалы да салмақты, шебер әрі епті болуға баулиды. Өйткені әрбір адам өзінен өрбіген ұрпақтың ынжық, жан-жақты, білікті де күшті болып өсуін өмірдің мәңгі мәні ретінде қабылдаған. Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік мәні зор. Бұған қоса, ұлттық ойындар қазақ халқының о бастан ерекше мәдениеті болғанын айқындайды. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған.
«Арайлы» бөбекжайы МКҚК
«Қарлығаш» мектепалды тобының тәрбиешісі:Гүлназ Қалымтайқызы