Құрметті жерлестер! Ата-аналар!
2018 жылдың ақпанынан бастап «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және балаларды қабылдау» жөнінде жаңа мемлекеттік стандарт енгізілді.
Сондай-ақ, кезекке қою реттілігі мен балабақшаға жолдама беруді автоматтандыру жүйесі өз жұмысын бастады.
Зеренді селосындағы мемлекеттік балабақшалар және бір жекеменшік балабақша осы жүйеде жұмыс атқарып жатыр.
2018 жылғы құркүйек айынан бастап іске қосылған жаңартылған жүйеге сәйкес, әрбір әке-шеше электронды цифрлы қолтаңба алуы тиіс.
Электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, баланың әке-шешесі akmola.kz сайтында «Мектеп жасына дейінгі балаларды кезекке қою және жолдама алу» жүйесіне кіреді. Онда балаға тиесілі мәліметтерді толтырып, өз телефон нөмірі мен электронды поштасын қалдыруы тиіс. Егер жеңілдік санатына жататын болса, оны да көрсету қажет. Мұның бәрі жүйеде пайда болған орын туралы ақпаратты алып отыру үшін міндетті түрде керек.
Жеңілдік иелеріне «үштен бір» қағидасы жүреді
Көрсетілген электронды поштаға және телефон нөміріне кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберіледі. «Егер ата-ана таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін балабақшаны таңдап, жолдаманы осы уақыт мерзімінде қабылдап алмаса, бұл орын кезекте тұрғандардың бәріне ортақ болмақ. Алайда балабақшаны таңдамаған өтініш беруші кезекте қала береді.
Бұл жүйе кезектің жылдам жылжуына мүмкіндік береді. Ал бұрын хабарлама келгеннен кейін балабақшадағы орын 5 күнге дейін сақталатын болған.
Ата-ана ұнаған мекемені таңдағаннан кейін, балаға жолдама беріледі. Бес жұмыс күні ішінде сол балабақшаға бару керектігі ескеріледі. Егер белгілі бір себептермен 5 жұмыс күнінде орынды алу мүмкін болмаса, оны күнтізбелік 30 күнге дейін ұзартуға болады. Ал, керісінше, ата-ана жолдама алып, 5 жұмыс күні ішінде балабақшаға келмесе, жолдама автоматты түрде жарамсыз болып шығады. Егер өтініш беруші жолдаманың берілген күнінен екі мәрте кешіксе, бала автоматты түрде кезектен алынады.
Бірінші, кезектен тыс жолдама алатындар – әскери қызметкерлердің балалары. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде орын болса, бұл категориядағылар кезектен тыс жолдама алады. Келесі болып бірінші кезектегілер – мүгедек балалар, ата-ана қарауынсыз қалғандар, жетімдер, көп балалы отбасынан шыққан балалар, ерекше күтім мен білімді қажет ететіндер. Бұл санаттағылар жолдаманы «үштен бір» қағидасы бойынша алады. Яғни жеңілдік санаттағы өтініш беруші және жалпы негіздегі үш өтініш берушіге қатарынан беріледі.
Жеті жасқа толғандар кезектен шығарылады
Жаңа жүйе жеті жасқа толған барлық балаларды кезектен шығарып тастайды. Сонымен қатар, ата-ана жыл бойы балабақшаға орын алуға қызығушылық танытпаса, кезектен шығарылады. Оған жол бермес үшін www.akmola.kz жүйесіне кіріп, өз өтінішіңізді қадағалап отырсаңыз болғаны.
Ескеру керек, ұсынылған деректердің заңдылығы туралы сұрақ туындаса, жүйе өтініш қабылдаудан бас тартуы мүмкін.