Мен неге тәрбиеші мамандығын таңдадым?
Кубалық поэт, публицист Хосе Хулиан Марти: «Мамандық таңдау — өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау», - деп айтқан екен. Әрбір адамның өмірінде белгілі бір кезеңде қателесуге болмайтын, маңызды шешім қабылдайтын сәт туындайды. Ол – өз мамандығыңды таңдау, өмірдің бір кірпішін қалайтын кез.
Менің мамандығым тікелей баланың тәрбиесімен байланысты,өйткені мен – тәрбиешімін! Тәрбиеші мамандығы өте күрделі, қызықты және ең бастысы өте жауапты мамандықтың бірі. Тәрбиеші ерте жастан бастап баланың тәрбиесіне тікелей қатысатын һәм жауап беретін адам.
Локк бойынша, бала жаны табиғатынан-ақ тақта сияқты тап-таза болады, сондықтан, тәрбиеші нені қажет деп тапса, соны сол таза, ақ тақтаға жазуы тиіс. Балалардың таза жүректері мен ой – санасы адамды өзіне баурап алатыны рас. Сондай балаларды қолдарынан жетектеп, мектеп табалдырығына даярлап шығару ол менің міндетім.
«Баласыз үй мазар, балалы үй базар»- деп ата - бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Алдымызға келген балалар — біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.
Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт, олардың сөйлеу тілдерін дамыту, танымдық процестерінің қалыптасуына, адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіруге, еңбекке баулу және ең бастысы өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу үлкен еңбек пен қажымас қайратты талап етеді. Сондықтан тәрбиеші болу қызығы мен қиындығы таусылмайтын мамандықтың бірі деп ойлаймын.
Бала деген өмірдің мәні мен сәні. Балалармен өткізген әрбір күнім мен үшін бақытты күндерім. Балалардың сыңғырлаған күлкілері мен енді ғана шығып келе жатқан тілдері мен үшін тәтті. Балалардың қоршаған орта, қоғам туралы білімдерін, сонымен қоса алғашқы сандармен таныстырып, әліппедегі әріптерді алғаш болып «мен» таныстыратыныма мақтанамын!
Қорытындылай келе, тәрбиеші болу әрбір адамның қолынан келе бермейтін жауапты іс. Тәрбиеші - бала жанының айнасы, демек балалардың саналы тұлға болып қалыптасуы үшін біз көп еңбек етуіміз қажет, сол кезде ғана өз жұмысымыздың жемісін көретін боламыз. Тәрбиеші бола отырып, балаларға тәрбие мен білім беру мен үшін мақтанарлық жұмыс. Мінекей, мен тәрбиеші мамандығын осылайша таңдадым. Сөз соңында айтарым «мен өз жұмысымды сүйемін, өз мамандығыммен мақтанамын!» Практикант: Шаривхан Арайлым