Өмір бойы табиғатқа шығып жүрсеңіз де, жылда жазда ауылдағы ата-әжеңіздің үйіне демалуға баратын болсаңыз да кенелер туралы білмеуіңіз әбден мүмкін. Ал жай ғана жақын маңдағы саябаққа серуендеуге шыққан кезде, қауіпті вампир-кененің денеңізге жабысып, шағып алу қаупі бар. Дәрігерлердің айтуынша, кененің шағуы адам өміріне қауіп төндірмейді. Алайда кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қауіпті. Оның салдарынан адам туляремия мен конго-қырым геморрагиялық қызба (КҚГҚ) сияқты аса қауіпті ауруларды жұқтыруы мүмкін.
Кенелердің "сүйікті" орындары – бұл жол жиегінде орналасқан шөптердің бұталары мен сабақтары (әдетте кене шөпте 1-1,5 м-ден жоғары көтерілмейді), "сүйікті" уақыты - таңертеңгі және кешкі мезгіл. Сүйікті жерлері - терінің жұқа және нәзік жерлері: жамбастың ішкі беті, шап пен қолтық аймағы, мойын; балаларда аяғынан басына дейін. Есіңізде болсын - кенелер сізге ағаштардан секірмейді. Олар мүлдем секірмейді. Кенелер жылдың наурыз айынан қазан айына дейін өте белсенді болып келеді.
Кенелерден қалай қорғану қажет? Оның негізгі ережелері бар: қара киімде кенені табу қиын, сондықтан киімнің ашық түсті болғаны дұрыс. Бас киімді киіңіз немесе шашты орамалдың астына салыңыз. Куртканың жағасы мойынға тығыз жабысып тұруы керек. Сыртқы киім немесе көйлек ұзын жең және жеңі білекке тығыз жабысқан болуы қажет. Кененің денеге енуін болдырмау үшін көйлекті шалбардың ішіне салыңыз. Ашық, бір түсті киімге артықшылық беріңіз, себебі одан кенені табу оңай. Шалбардың төменгі жағы биік етікке немесе шұлыққа салынуы тиіс.
Бұтақтар немесе шөпте тұрған кенелер жануар немесе адам жақындағанда оған жабысып алады, содан кейін терінің ашық жерлеріне, көбінесе мойын, шаш түбіне, арқа, қолтық, шап аймақтары және т.б. жерлерге барады. Кененің сілекейінде ауырсынуды басатын зат болады, сондықтан оның тістеуі ауыртпалықсыз болады және ұзақ уақыт байқалмайды.
Қорғаудың негізгі шарасы - кенелердің денеге енуіне жол бермеу. Кене денеге бірден сіңіп кетпейді, сондықтан оны дер кезінде алып тастау - жұқтырудың алдын алады. Сондықтан денеге жабысқан кенелерді анықтау үшін өзіңізді және бір-біріңізді мұқият тексерген абзал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және американдық ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) кенені алудың келесі қауіпсіз әдісін ұсынады, ол үшін бірнеше қарапайым ережелерді сақтау қажет:
- Кенені жалаң қолмен ұстамаңыз, себебі инфекция шырышты қабықтар немесе терідегі зақымданулар арқылы денеге енуі мүмкін. Бұл сақтық шаралары әсіресе, үй жануарларын кенелерден тазартатын адамдарға қажет. Инфекция жұқтыруға неғұрлым бейім балалар мен иммунитет тапшылығы бар адамдар кенелерді алуға тартылмауы тиіс;
- үшкір пинцет қолданыңыз, егер қолғап болмаса, саусақтарды резеңке қолғаппен немесе шүберекпен қорғаңыз;
- Кенені әдеттегі пинцетпен теріге мүмкіндігінше жақын жерден ұстау керек. Пинцетті қатты қыспай, (кенені езіп алмау үшін), баяу және мұқият тартыңыз, жұлқымаңыз, өйткені бұл кененің ауыз бөлігінің үзілуіне және оның теріде қалып қоюына әкелуі мүмкін. Егер ауыз бөлігі денеде қалып қойған болса, онда оны пинцетпен қысып, шығарып алу керек;
- Кенені алғаннан кейін тістеу орнын дезинфекциялық затпен (спиртпен, йодпен) мұқият өңдеңіз және қолды сабынмен жуыңыз;
- Кененің денесін бұзбаңыз, себебі оның ішкі құрылысы және сұйықтықтары патогенді болуы мүмкін;
Алынған кенені ыдысқа салып, герметикалық қақпақпен жауып, кененің жұқпалылығын анықтау үшін Орал обаға қарсы күрес станциясының зертханасына жеткізу қажет.
Кенеге керосин, май, ацетон немесе басқа сұйықтықтарды қолдануға, сондай-ақ кенені теріден ажырату үшін қыздыруға болмайды. Сіздің міндетіңіз - кененің өзі кеткенін күтпей, тезірек алып тастау. Ауру жұқтыру қаупін азайту үшін уақыт өте маңызды.
Егер сізді кене шаққан болса немесе денеңізде кенені байқасаңыз, дереу тұрғылықты мекен жай бойынша медициналық көмекке жүгініңіз. Медициналық көмекке уақтылы жүгіну әртүрлі аса қауіпті аурулардың алдын алады.