«Ұрпақ тәрбиесі - міндетіміз»
Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрлердің тәлім -тәрбиелік білім танымдық ролі зор. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері.Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.
Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені,озық өнегелі дәстүрді,адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда,оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің,әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты.
Бала тәрбиесінің алтын бесігі –отбасы.Бұл шағын әлеуметтік топ-бала үшін өмір. Ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады.
Сондықтан ата -ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршысы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті . Үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан басталып, белгілі бір бағдарлама негізіне сүйене отырып, мектеп жасына дейінгі балаларға оқыту мен тәрбиелеу мәселесін жоспарлап, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етті. Ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуын олардың қоғам алдындағы өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады.
Тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында:«Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпы азаматтық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің тағдыры мен талаптарын обьективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» деп айтылған.
Қазіргі кезеңдегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, тұрмыстағы күйзеліс, ұлтаралық қатынастардың шиеленісе түсуі, адамгершілік құндылықтардың құлдырауы, білімге, адал еңбекке деген ынтасының азаюы, отбасын құруға жауапкершілікпен белсенді қарамауы, зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің бел алуы т.б мәселелері жастар тәрбиесіне жаңаша қарауды талап етіп отыр. Сонымен қатар қазақ халқының әріден келе жатқан мәдениетін және білім, тәлім-тәрбие беру жүйесінің негіздерімен жан-жақты танысу бүгінгі күннің басты бағдары, талабы десекте болады.
Қазақ халқының тарихы дәстүрге өте бай. Отбасы үшін ежелден тән қасиеті балажандылық, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу, туысқандық кең байланыс, көршілермен және ұлты басқа халықтармен достық, ізгілік қатынастар-осының бәрі қазақ халқының тұрмыс қалпына байланысты болған. Қазақ қыз-келіншектері мен ер-азаматтарының бойында өзге халық өкілдерінің бойынан көрінетін даралық қазақы болмысының жарқырай көрініп, жүрекке жылы әсер еткен. Әсемдік пен әдептілік үйлесімділік тапқан. Мәселен,ата-ана құқықтары қыз беріп, қыз алу, құда түсіп құдалы болу қазақ некелерінің ерекшеліктері қалың мал мәселесі бата бұзу, ажырасу, бала асырау, әмеңгерлік мирас пен мұра ежелгі отбасы дәстүрлерімен соған қатысты қағида ерекшеліктері жайында мағлұматтардан қазақ халқының отбасына ерекше мән бергенін шаңырақ шайқалып босаға босамауына назар салғанын көреміз.
Соңғы кезде қазақ халқының табиғатына тән ана сүтімен сүйекке сіңген ізгі әдет ғұрыптардан тыс қалып бара жатқандаймыз. Өз ұлтының өткені мен болашағына бей-жай қарайтын тәрбиеден тысқары қалған жастар аз емес. Ата-ананы сыйлау үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру әдеп сақтаудан хабарсыз кей жастардың қылығы әркімнің-ақ намысына тиері сөзсіз. Халық өнерін игеру жастарды еңбексүйгіштікке, әсемдікке бағыттап халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, жақсы әдет ғұрыптарын жалғастыруға баулиды. .
« Алтын кездік қап түбінде жатпайды»-дейді халық даналығы. Бұл ой мен сөздің түпкі сырына ден қойсақ, шын асыл қымбат қазына қилы кезең, шытырман уақытта да сыны мен сипатын өзгертпейді. Бала жүрегін жолды сөзбенде, айла тәсілмен де балаға деген жүрек сезімін махаббатпен де табуға болады. Жылы-жылы сөйлесең жібімейтін жүрек жоқ тек соған апаратын жолды таба білуіміз керек.
Әдіскер: Жексенбаева Гүлназ. Қалымтайқызы.